Төрт күнде жалпы инвестициялық әлеуеті 2 миллиард доллардан асатын 27 келісімге қол қойылды. Уағдаластықтар инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, энергетика, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау және озық технологиялар салаларын қамтыды. Толығырақ — Tengrinews.kz материалында.

Alatau City туралы басты мәліметтер

Alatau City – Алматы облысында, Алматы мен Қонаевтың арасында орналасқан жаңа қала салудың ауқымды жобасы. Оның аумағы шамамен 88 мың гектарды құрайды. Жоба заманауи көлік, инженерлік және цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, іскерлік және өнеркәсіптік аймақтар құруды, сондай-ақ халықаралық білім беру және медициналық мекемелерді орналастыруды көздейді.

Бас жоспарға сәйкес қаланы төрт мамандандырылған ауданға бөлу жоспарланып отыр: қаржы және іскерлік орталық, білім, ғылым және медицина орталығы, өнеркәсіптік және логистикалық орталық, сондай-ақ туристік және рекреациялық кластер.

2026 жылғы 8 мамырда Алатау реттеудің, инвестицияларды қорғаудың және кәсіпкерлік қызметті ынталандырудың арнайы тетіктерін көздейтін жедел даму қаласының ерекше құқықтық мәртебесін алды.

1-күн

Еуропалық роуд-шоу 2 қарашада Лондонда басталды.

Іскерлік бағдарламаның алғашқы кездесуі Қанат Бозымбаевтың Лондон қор биржасының бас директоры Джулия Хоггеттпен келіссөзі болды. Талқылауға сондай-ақ биржаның Еуропадағы бастапқы нарықтар бағытының жетекшісі Аюна Нечаева және Батыс Еуропа мен Солтүстік елдер бағытының басшысы Крис Макгахан қатысты.

Тараптар институционалдық капиталды тарту және Alatau City жобаларын қаржыландыру үшін халықаралық қаржы нарықтарының мүмкіндіктерін пайдалану перспективаларын қарастырды.

Одан кейін Royal Automobile Club-та JPMorgan Chase, AstraZeneca, BP және Brookfield Asset Management компанияларын қоса алғанда, 70-тен астам компанияның, сондай-ақ халықаралық банктер мен инвестициялық қорлардың өкілдері қатысқан Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі өтті.

Кездесуді ашқан Қанат Бозымбаев Ұлыбританияның Қазақстанның негізгі экономикалық және қаржылық серіктестерінің бірі ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтті.

«Біз роуд-шоуды әлемнің жетекші қаржы және құқық орталықтарының бірі – Лондоннан бастауымыз кездейсоқ емес. Ұлыбритания – біздің стратегиялық серіктесіміз. Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналуы тиіс бизнес, қаржы, технология және логистиканың жаңа орталығын құрып жатырмыз және осы ауқымды жобаға қатысуға шақырамыз», – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасына салынған британдық инвестициялардың көлемі 23,5 миллиард доллардан асқан. Елде 500-ден астам британдық компания жұмыс істейді. 2024 жылы мемлекеттер Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Alatau City Authority арнайы басқару ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров британдық серіктестерге қаланы дамытудың негізгі бағыттарын, оның ішінде инженерлік және көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіптік, іскерлік және логистикалық аймақтарды құруды таныстырды. Жүктерді ұшқышсыз жеткізуге және аэротаксиді пайдалану мүмкіндігіне арналған инфрақұрылымға ерекше назар аударылатын болады.

Лондон бағдарламасының басты тақырыптарының бірі 2026 жылғы 8 мамырдағы Конституциялық заңмен бекітілген және ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген Alatau City-дің арнайы құқықтық режимін талқылау болды.

Norton Rose Fulbright, Reed Smith және Boies Schiller Flexner халықаралық заң компанияларының өкілдерімен кездесуде салықтық реттеу, инвестициялық преференциялар, цифрлық активтер және коммерциялық дауларды шешу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Alatau City-де жеке инвестициялық сот құру мүмкіндігі қарастырылды.

Norton Rose Fulbright компаниясының аға кеңесшісі Саймон Кокс Қазақстанның халықаралық инвесторлар үшін құқықтық және реттеушілік орта қалыптастыру жөніндегі жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан үкіметінің бейілділігі, әсіресе вице-премьердің қатысуы, менің ойымша, адамдарға үлкен сенім ұялатады. Бұл – тамаша тұжырымдама, адамдардың қаражатты қауіпсіз салуына және өз жобаларын табысты жүзеге асыруына мүмкіндік беретін құқықтық құрылымды, салық құрылымын, валюта айырбасын, кедендік реттеуді қамтамасыз ету үшін оған орасан зор еңбек жұмсалып жатыр», – деді ол.

Одан әрі Brookfield Asset Management, Société Générale және JPMorgan өкілдерімен келіссөздер өтті. Тараптар халықаралық капиталды тарту тетіктерін және қаржы институттарының энергетика, көлік және қалалық инфрақұрылым салаларындағы жобаларды іске асыруға ықтимал қатысуын талқылады.

Анықтама: Alatau City аудандарының бірін кеңселер, іскерлік қонақүйлер мен сауда алаңдары орналасатын қаржы-іскерлік орталыққа айналдыру жоспарланып отыр. 2029 жылдың соңына дейін құны шамамен 800 миллион доллар болатын Iconic Complex те бой көтеруі тиіс. Оны американдық SOM сәулет бюросы жобалаған, ал құрылысын қытайлық CSCEC компаниясы жүргізеді.

Сол күні Alatau City Authority мен Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қаланың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Рәсімге Қанат Бозымбаев пен ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо қатысты.

Айта кетейік, банкпен ынтымақтастық қазірдің өзінде практикалық арнаға түсті. Қыркүйекте ЕҚДБ «Алатау Жарық Компаниясы» компаниясына электр желілерін жаңғыртуға, оның ішінде жаңа қала үшін Жетіген қосалқы станциясы мен электр беру желісін қайта жаңартуға қаржыландыру бөлді.

2-күн

Британдық мемлекеттік институттар мен қаржы секторының өкілдерімен келіссөздер өтті.

UK Export Finance экспорттық-кредиттік агенттігімен Alatau City-дің энергетикалық, көлік және коммуналдық жобаларын қаржыландыру тетіктері, сондай-ақ британдық компаниялар мен банктерді тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Standard Chartered-пен кездесу барысында халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп ұзақ мерзімді кредиттік қаржыландыру тарту перспективалары қаралды.

Лондон кезеңінің қорытындысы бойынша жалпы инвестициялық әлеуеті шамамен 1,3 миллиард доллар болатын тоғыз келісімге қол қойылды. Уағдаластықтар үш бағытты қамтиды: инфрақұрылымды қаржыландыру, білім беру және денсаулық сақтау.

Білім беру бағытында Alatau City-де University of Exeter филиалын, сондай-ақ Brighton College, Repton Group және Magdalen College School (Оксфорд) халықаралық мектептерін ашу жобалары қарастырылуда.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жетекші шетелдік білім беру ұйымдарын тарту заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға және жаңа экономика үшін мамандар даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Делегация Brighton College және University of Exeter өкілдерімен жеке келіссөздер жүргізді. Brighton College International атынан бас операциялық директор Джон Уикс қатысты. Колледждің халықаралық моделі инфрақұрылымды құруға жергілікті инвестордың қатысуын көздейді, ал британдық тарап білім беру бағдарламаларын, сапа стандарттарын және басшылық құрамды іріктеуді қамтамасыз етеді.

University of Exeter атынан проректор, қоршаған орта, жаратылыстану ғылымдары және экономика факультетінің атқарушы деканы, профессор Александра Гербази қатысты. Университет Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің Russell Group бірлестігіне кіреді. Оның негізгі бағыттарының қатарында – климаттық зерттеулер, тау-кен ісі, сыни минералдар және геотермалдық энергетика.

Одан кейін делегация Оксфордтағы Magdalen College School басшылығымен кездесті. Тараптар Alatau City-де британдық білім беру бағдарламалары бар халықаралық мектеп ашу және оқытушы кадрларды бірлесіп даярлау перспективаларын талқылады.

Ынтымақтастықтың үшінші бағыты – денсаулық сақтау. AstraZeneca және Crescent Meditours компанияларымен жасалған келісімдер медициналық инфрақұрылымды дамытуды, инвестиция тартуды және ғылыми өзара іс-қимылды кеңейтуді көздейді.

Бас жоспарға сәйкес білім беру, ғылыми және медициналық нысандар Alatau City-дің жеке ауданында шоғырланады, онда шетелдік университеттердің кампустары бар академқалашық пен көпбейінді медициналық кластер құру жоспарланған.

Лондон бағдарламасының маңызды бөлігі британдық саяси және мемлекеттік басшылық өкілдерімен кездесулер болды. Инвестициялық дөңгелек үстел аясында Уорик университетінің канцлері, Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі бұрынғы жоғарғы өкілі баронесса Кэтрин Эштон сөз сөйледі.

Кейін делегация Сыртқы істер министрінің парламенттік орынбасары лорд Стюарт Вудпен кездесті. Тараптар британдық бизнестің инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларға қатысуын, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды талқылады.

Мемлекеттік министрлер лорд Анас Сарвар, Крис Макдональд және Канишка Нараянмен бірлескен кездесуде Alatau City-ді дамыту үшін британдық технологияларды, ғылыми әзірлемелерді және жасанды интеллект саласындағы шешімдерді қолдану мүмкіндіктеріне басты назар аударылды.

Британ кезеңін қорытындылай келе, Қанат Бозымбаев үкіметтің басымдығы қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру болатынын атап өтті.

«Енді біздің міндетіміз – қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру. Әр жобаны сүйемелдеп, қаржыландыру тартуға көмектесіп, оны іске қосуға дейін жеткіземіз», – деп мәлімдеді вице-премьер.

3-күн

Сапар бағдарламасы Берлиннің үкіметтік кварталындағы кездесулермен жалғасты. Федералдық канцлер ведомствосында Қанат Бозымбаев канцлердің халықаралық экономикалық саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі Левин Холлемен кездесті.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қыркүйекте Германияға сапары кезінде бастама етіп көтерген қазақстан-герман инвестициялық-қаржылық платформасын құру болды.

Платформа үшін пилоттық жобалар ретінде Alatau City-дің инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларын қарастыру ұсынылды. Мұндай тетік неміс қаржыландыруын тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге және неміс компанияларының жобаларды іске асыруға қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Одан кейін Германияның Тұрғын үй шаруашылығы, қала құрылысы және құрылыс министрлігінің статс-хатшысы Олаф Йоахиммен кездесу өтті. Тараптар заманауи құрылыс технологиялары мен энергия тиімді шешімдерді қолдануды талқылады.

Күннің екінші жартысында Германия экономикасының Шығыс комитеті мен Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) қатысуымен ұйымдастырылған Alatau City Investment Round Table өтті.

Қанат Бозымбаев қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін, оны дамытудың негізгі бағыттарын және инвесторларды қорғау тетіктері мен инвестициялық преференцияларды көздейтін арнайы құқықтық режимнің артықшылықтарын таныстырды.

BDI басшылығының мүшесі Вольфганг Нидермаркпен жеке келіссөздер өтті. Неміс кәсіпорындарының 2026–2028 жылдарға арналған Өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықтың жол картасын іске асыруға ықтимал қатысуы, сондай-ақ Alatau City-де жаңа өндірістерді орналастыру талқыланды.

dena, Henkel, SVEVIND Energy, Textima және басқа да компаниялардың өкілдерімен кездесулер барысында өндірісті оқшаулау, энергетикалық және су инфрақұрылымын дамыту, машина жасау саласындағы өнеркәсіптік кооперация және көпбейінді медициналық орталық құру перспективалары қаралды.

Германия энергетикалық агенттігінің (dena) басқарушы директоры Кристина Хаверкамп неміс компанияларының жобаға, ең алдымен энергия тиімді құрылыс саласында қатысуының айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Президент Тоқаевтың Алатаудан тұрақты қала салу әлеуетін көретінін өте анық жеткізгенін зор шабытпен тыңдадық. Ал бұл ғимараттардың энергия тиімділігі стандарттары өте жоғары қала салу дегенді білдіреді. Германия мен Алатау арасындағы ынтымақтастық үшін көптеген мүмкіндіктер дәл осы жерде ашылатынына сенімдімін», – деп атап өтті ол.

Берлин кезеңінің қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс, машина жасау, құрылыс, медициналық инфрақұрылым, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологиялар салаларындағы ынтымақтастық туралы 11 келісімге қол қойылды.

4-күн

5 қарашада делегация Еуропалық роуд-шоудың қорытынды кезеңі өткен Майндағы Франкфуртқа келді.

Бағдарлама аясында Қанат Бозымбаев AKA Bank басшысы Марк Венчикпен кездесу өткізді. Одан кейін халықаралық банктер мен компаниялардың өкілдері қатысқан Alatau City-дің үшінші инвестициялық дөңгелек үстелі өтті.

Франкфурт кезеңінің негізгі нәтижесі AKA Bank және Германияның мемлекеттік даму банкі – KfW-мен келісімдерге қол қою болды. Құжаттар инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және неміс жабдығын сатып алуды көздейді. Майндағы Франкфуртта барлығы жеті келісімге қол қойылды.

AKA Bank басшысы Марк Венчик неміс банктері мен өнеркәсіптік кәсіпорындарының Alatau City-ді дамытуға қатысуының айтарлықтай перспективалары бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба неміс өнімдері мен технологияларын экспорттауға да, компаниялардың инвестициялық жобаларға тікелей қатысуына да мүмкіндік ашады.

Ол бизнесті тартудың негізгі шарттарының бірі ретінде қажетті инфрақұрылымды уақтылы құруды атады.

WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group өкілдерімен жеке кездесулер барысында инженерлік және сервистік инфрақұрылымды дамыту, медициналық бұйымдар өндіру, активтерді токенизациялау және инвестициялық консалтинг мәселелері талқыланды.

Одан әрі халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен келіссөздер өтті. Экспорттық және жобалық қаржыландыруға маманданған KfW IPEX-Bank атынан Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері жөніндегі бас атқарушы директор Екатерина Галицына қатысты.

Ол Alatau City-дің арнайы құқықтық режимі халықаралық капиталды тарту кезінде жобаның елеулі бәсекелестік артықшылықтарының біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті.

«Халықаралық инвесторлар үшін бұл – талассыз артықшылық: арнайы салық режимі, арнайы құқықтық режим, ерекше реттеу, берілетін жеңілдіктер. Батыстық та, шығыстық та қаржы институттары кез келген жобаның тәуекелдерін бағалағанда, әрине, қолданыстағы заңнамаға, қолданыстағы реттеуге де қарайды. Сондықтан бұл тұрғыда, менің ойымша, Үкімет алға қарай өте үлкен қадам жасады», – деді Галицына.

Оның бағалауынша, халықаралық қаржыландырудың ең үлкен көлемі ірі инфрақұрылымдық және көлік жобаларына, сондай-ақ қаланың арнайы экономикалық аймағы аумағында халықаралық компаниялардың қатысуымен қайта өңдеу өндірістерін құруға қажет болады.

Келіссөздерге сондай-ақ Deutsche Bank-тің Орталық және Шығыс Еуропа жөніндегі бас атқарушы директоры Борислав Иванов-Бланкенбург қатысты.

Келісімдерден – іске асыруға

Еуропалық роуд-шоу жалпы инвестициялық әлеуеті 2 миллиард доллардан асатын 27 келісімге қол қоюмен аяқталды.

Қол жеткізілген уағдаластықтар көлік, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды қаржыландырудан бастап өнеркәсіптік кәсіпорындарды орналастыруға, білім беру және медициналық мекемелерді дамытуға, цифрлық және ұшқышсыз технологияларды енгізуге дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Уағдаластықтар бекітілген серіктестердің қатарында халықаралық банктер, өнеркәсіптік компаниялар, технологиялық кәсіпорындар, жетекші университеттер мен медициналық ұйымдар бар. Үш қаланың әрқайсысында мына келісімдерге қол қойылды:

Лондон – 9 құжат

  1. «Alatau City Authority» АБҰ мен ЕҚДБ арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: Алатау қаласындағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар.
  2. «Alatau City Authority» АБҰ мен UK Export Finance арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: британдық компаниялар қатысатын жобаларды қаржыландыру.
  3. Қ. А. Бозымбаев пен London Stock Exchange-тің бірлескен мәлімдемесі. Уағдаластық мәні: 2027 жылы LSE-де Alatau City тақырыбымен Kazakhstan Investment Forum өткізу.
  4. «Alatau City Authority» АБҰ мен Standard Chartered-тің бірлескен мәлімдемесі. Уағдаластық мәні: инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру.
  5. ҚР ҒЖБМ мен University of Exeter арасындағы ниет хат. Уағдаластық мәні: Алатау қаласында University of Exeter филиалын құру.
  6. «Alatau City Authority» АБҰ мен Brighton College арасындағы ниет хат. Уағдаластық мәні: Алатау қаласында Brighton College филиалын құру.
  7. «Alatau City Authority» АБҰ мен Repton Group арасындағы ниет хат. Уағдаластық мәні: Алатау қаласында Repton Group филиалын құру.
  8. «Alatau City Authority» АБҰ мен Crescent Meditours арасындағы ынтымақтастық туралы құжат. Уағдаластық мәні: медицина және фармацевтика.
  9. «Alatau City Authority» АБҰ мен AstraZeneca арасындағы ынтымақтастық туралы құжат. Уағдаластық мәні: медицина және фармацевтика.

Берлин – 11 құжат

  1. «Alatau City Authority» АБҰ мен W.I.S. Sicherheit + Service арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: қауіпсіздік стандарттары, қауіпсіздікті басқару орталығы.
  2. «Alatau City Authority» АБҰ мен Multirotor арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: дрондарға арналған инфрақұрылым, сертификаттау, пилоттық жоба.
  3. «Alatau City Authority» АБҰ мен Alpine Diagnostics арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: швейцариялық стандарттар бойынша медициналық кластер құру.
  4. «Alatau City Authority» АБҰ, dena және GLB-engineering арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: Энергия тиімді құрылыс жөніндегі құзыреттер орталығын құру.
  5. «Alatau City Authority» АБҰ, EBAWE және GLB арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: GLB үй құрылысы комбинаты (құрама темірбетон).
  6. «Alatau City Authority» АБҰ, TEKA және GLB арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: GLB үй құрылысы комбинаты.
  7. «Alatau City Authority» АБҰ, WECKENMANN және GLB арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: GLB үй құрылысы комбинаты.
  8. «Alatau City Authority» АБҰ, SOMMER және GLB арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: GLB үй құрылысы комбинаты.
  9. «Alatau City Authority» АБҰ, «Tulip» индустриялық аймағы және GLB арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: GLB үй құрылысы комбинаты.
  10. GMS Holding пен TTi арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: туристік нысандар; GMS жобалау мен EPC үшін жауап береді.
  11. Railway System KZ мен MTU Rolls-Royce арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: машина жасау.

Майндағы Франкфурт – 7 құжат

  1. «Alatau City Authority» АБҰ мен Nikolaus & Co. арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: токенизация туралы заңнама.
  2. «Alatau City Authority» АБҰ мен Myron AG арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: қорлар мен дебиторлық берешекті токенизациялау.
  3. GMS Holding пен WILO арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: Wilo сервистік және инженерлік орталығы.
  4. GMS Holding пен Zrinski Solutions арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: медициналық бұйымдар өндірісі.
  5. «Alatau City Authority» АБҰ, Alatau City Bank және AKA Bank арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: жобаларды және неміс жабдығын сатып алуды қаржыландыру.
  6. «Alatau City Authority» АБҰ, Alatau City Bank және KfW арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: жобаларды және неміс жабдығын сатып алуды қаржыландыру.
  7. «Alatau City Authority» АБҰ мен Schneider Group арасындағы келісім. Уағдаластық мәні: инвестициялар бойынша консультациялар өткізу.

Келесі кезең – жобаларды құрылымдау, қаржылық тетіктерді айқындау және практикалық іске асыруға көшу.

Жақын болашақта британдық компаниялар мен банктерді тарту үшін басым жобаларды айқындау бойынша Ұлыбританияның UK Export Finance экспорттық-кредиттік агенттігімен жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр. Неміс серіктестерімен инфрақұрылымды қаржыландыру, өндірісті оқшаулау және жабдық жеткізу тетіктерін пысықтау алда тұр.

«Бұл роуд-шоудағы ең бастысы – 2 миллиард доллар көлеміндегі бірден келген нәтижелер емес, базалық келісімдердің, базалық уағдаластықтардың болуы. Бұл, әрине, болашақ инвестициялардың көлемін үш, бес есеге дейін арттыруы мүмкін», – деді Қанат Бозымбаев.

Осылайша, Alatau City шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ашық іскерлік белсенділіктің, өнеркәсіптің және инновациялардың заманауи орталығы ретінде қалыптасып келеді.